Кітапханаға саяхат
№11 ЖББМ оқушылары қазақ поэзиясының мұзбалағы, ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай 15-кітапханамен бірлесіп тағылымды дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты – оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, поэзияға деген қызығушылықтарын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Дөңгелек үстел барысында оқушылар Мұқағали Мақатаевтың өмір жолына шолу жасап, оның лирикалық өлеңдерінің ерекшелігіне тоқталды. Ақын шығармаларындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, махаббат пен өмір философиясы терең талқыланды.
Кеш барысында оқушылар ақынның жүрекке жететін жырларын мәнерлеп оқып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ақын шығармаларына арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, тың деректер мен қызықты мәліметтер ұсынды.
Тағылымды шара жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, қазақ әдебиетіне деген құрметін арттырды. Мұқағали жырлары – мәңгілік мұра, ал оның поэзиясы келер ұрпақтың жүрегінде әрдайым жаңғыра бермек.

