12
қараша
2025
"Тілім менің – ғасырларға аманат" атты қалалық семинар.
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы №11 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында қазақ тілінің мерейін асқақтатқан ерекше рухани шара - "Тілім менің – ғасырларға аманат" атты қалалық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты - тілдің қадір-қасиетін ұлықтап, ұлы Абай мұрасы арқылы ұлттық құндылық пен рухани биіктікті дәріптеу, сондай-ақ білім беру үдерісінде Абай шығармаларын тиімді пайдалану жолдарын талқылау болды. Мектеп директоры Ағыбаева Салтанат Ақылбекқызы өз сөзінде ұлттық тілді ұлықтау – ұрпақ тәрбиесінің басты өзегі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол семинар қатысушыларына «Сингапур – білім беру саласындағы шабыт көзі» тақырыбында баяндама жасады. Ол Сингапур елінің білім жүйесіндегі жаңашыл әдістер мен тәжірибелерді отандық оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарына тоқталды.Сонымен қатар, мұғалімдер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ұлы ақынның шығармашылығына арналған әннен шашу шашып, би көріністерін сахналады.Ал әріптесіміз Байзақова Жанназия Абайдың 180 жылдығына арнаған арнау оқыды. Көріністер мен өнерпаз шәкірттердің өнері шараның рухани мазмұнын тереңдете түсті. Шараны ұйымдастыруға мектептің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестігі ұйытқы болды.
Семинар барысында ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, заманауи білім беру әдістерін талқылады. Сондай-ақ, іс-шараға № 39 физика-математикалық лицейден қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Кенжалиева қатысты. Ол "Оқу үдерісін жетілдірудегі Абайдың "Толық адам" ілімінің маңыздылығына тоқталды. Аталған мектептен қатысқан информатика пәнінің мұғалімі Гүлмира Малыбаева әріптестерімен ой бөлісті. Сингапурда тағылымдамадан өткен мұғалім «Білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе: қазақстандық мектептерге бейімдеу жолдары» тақырыбында тәжірибе алмасты. Ал 44 мектеп-гимназиядан Гүлдана Құдайбергенова, Несібелді Ардагер, АйжанТалғабекова есімді ұстаздар бұл жиында бой көрсетті.
Абай мұрасы – адамгершілік пен даналықтың алтын арқауы. Оның шығармалары – ұстазға да, шәкіртке де өнеге, ұлт руханиятының шамшырағы.
Семинар соңында қатысушылар тағылымды ой түйіп, тіл мен рухтың тұтастығын сезінді. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, осындай рухани бағыттағы кездесулердің жалғасын табатынына сенім білдірді."Тілім менің – ғасырларға аманат" атты семинар – ұлттық рух пен тіл мерейін асқақтатқан тағылымды басқосу болды.
